Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі
«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ

«Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС

Негізгі ғылыми-зерттеу әзірлемелері

Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми зерттеу жұмыстары  жаңа отандық, бәсекеге қабілетті мақта сорттарын шығаруға, сондай-ақ агротехнология, топырақ мелиорациясы, мақта ауыспалы егіс тізбектерін жетілдіру, тыңайтқыштарды ендіру жүйесінің мәселелерін зерттеуге бағытталған.

Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызмет ету кезеңінде ғалымдар тарапынан бірқатар жаңа жетістіктерге қол жеткізілді, соның ішінде:

Қазақстанның мақта егілетін әр түрлі аудандарының топырақ-климаттық жағдайларына байланысты қоза баптаудың қарқынды технологиялары әзірленді.

Мақта қозасын жаңбырлатып суару және жүйектеп суару бойынша ережелерін және жер асты сулары мен топырақтың тұздану дәрежесіне қарай күзгі-қысқы суару технологиялары әзірленді.

Мақта қозасын және жоңышқаны (егіс жылында орымға дейін) ДДА-100 М (Екі консолды жаңбырлатқыш құрылғы – 100 м) жаңбырлату құрылғысының көмегімен жаңбырлатып суғарудың  жоғары тиімділігі анықталды.

Мақта қозасы өнімінің қалыптасуына әсер етуші барлық факторларды терең зерттеу негізінде қоза баптаудың жоғары тиімді суүнемдеу технологиясы жасап шығарылды.

Ортаталшықты мақтаның әртүрлі қолайсыз факторларға төзімді, өнімділікті 5-6 ц/га арттыратын, отандық, инновациялық жаңа 12 сорты шығарылды (оның 5-і аудандастырылған ПА-3031,    ПА-3044,    М-4005,  М-4007 және М-4011). Шығарылған мақта сорттары өндіріске ендіріліп, бүгінгі таңда республикамыздың жалпы мақта алқабының 89%  аумағында өсірілуде.

Бақша дақылдарының 2 сорты және көп жылдық шөптесін өсімдіктердің 1 жаңа сорты шығарылды.

Іріленген шаруа қожалықтарына арналған 9-танапты және 10-танапты қарқынды мақта-жоңышқа ауыспалы егіс тізбектері әзірленді:

-  3 : 6 (3 жыл жоңышқа : 6 жыл мақта);            

-  3 : 7 (3 жыл жоңышқа : 7 жыл мақта);            

- 3 : 4 : 1: 2 (3 жыл жоңышқа : 4 жыл мақта : 1 жыл дәнді дақылдар : 2 жыл мақта), түрлі ауыспалы егісті қолданудың экономикалық тиімділігі 3,0-5,0 ц/га.          

Кіші агроқұрылымдарға арналған 3 тиімді қысқа танапты мақта ауыспалы егіс тізбектері жетілдірілді:

-  2 : 1 (2 жыл жоңышқа : 1 жыл мақта);

-  1 : 2 (1 жыл дәнді дақыл-дән үшін жүгері, агромелиоративті алкап : 1 жыл мақта);    

- 3 : 3 (3 жыл жоңышқа : 3 жыл мақта) тізбектері топырақтың құнарлылығын көтеріп, өнімділікті гектарына 3,0-5,0 центнерге арттырады.           

Мақта қозасын баптаудың жаңа инновациялық суқорүнемдеу технологиясы әзірленді.

Оңтүстік Қазақстан жағдайында қоза баптау технологиясының экономикалық тиімділіктерін анықтау негіздері  бойынша әдістемелік жасап шығарылды.

Нарық экономикасы жағдайында ең алғаш рет мақта қозасының түпнұсқалық тұқымдарының өндірісі бойынша үшжылдық тізбегі және элиталық тұқымдары мен бірінші репродукциясы өндірісінің бесжылдық тізбегі жасап шығарылды.

Ауыспалы егіс алқабына, топырақтың мәдени ерекшеліктеріне, суару тәртібі мен тұздану дәрежесіне қарай азот, фосфор және калий тыңайтқыштарын қолдану жүйелері әзірленді және өндіріске ұсынылды.

Оңтүстік Қазақстан облысының мақта егілетін аймақтарында әр түрлі дефолианттардың ықпалды белсенділігін айқындау және олардың аудандастырылған жаңа мақта сорттарына әсері анықталды.

Мақта өнімдеріне 8 мемлекеттік стандарт жасап шығарылды:

- ҚР СТ «Шитті мақта. Сынамаларды іріктеу әдістері.»

- ҚР СТ «Шитті мақта. Ылғалдылығын анықтау әдістері»

- ҚР СТ «Шитті мақта. Қоқыстылығын анықтау әдістері»

- ҚР СТ «Шитті мақта. Сұрыпын анықтау әдістері»

- ҚР СТ «Шитті мақтаны қайта өңдеу. Терминдер мен анықтамалары»

- ҚР СТ «Шитті мақта. Тақта талшығы сипаттамаларын анықтау әдістері»

- ҚР СТ «Мақта линті. Техникалық шарттар»

- ҚР СТ «Тұқымдық шитті мақта және егілетін қоза тұқымы. Сұрыпын анықтау әдістері»

«Шитті мақтаны мақта талшығына өңдеу» технологиялық регламенті жасалды.

«Мақтаның селекциялық үлгілерінің шаруашылық-бағалы белгілерін тұрақтандыру үшін белгілердің өзгеруіне қарай іріктеу әдістемелігін пайдалану бойынша нұсқаулық» дайындалды.

«Мақтаның аудандастырылған жаңа сорттарының элиталық және репродукциялық тұқымдарын өндіру бойынша нұсқаулық» әзірленді.

Түпнұсқалық, элиталық және репродукциялық мақта тұқымы өңдірісінің техникалық регламенті жасалды.

Институт ғалымдарының барлық жетістіктері Қазақстан Республикасының мақта өсіруші агроқұрылымдарында кеңінен қолданылуда.

 

Соңғы 6 жылда «ҚазМШҒЗИ» ЖШС ғалымдары тарапынан 75-тен астам кітаптар, монографиялар, ұсыныс кітапшалар, әдістемелік нұсқаулықтар мен ғылыми еңбектер жинақтары жарық көрді. Қазақстанның, Ресейдің және шет елдік әртүрлі басылымдарда 1500-ден астам мақалалар жарияланды, соның ішінде соңғы 2 жылда 40-тан астам ғылыми мақала шет елдің импакт-факторлы журналдарында жарияланды.

 

​ Қазақ мақта шаруашылығы зылыми-зерттеу институты тарапынан 144 авторлық куәлік және 48 инновациялық  патент, отандық жаңа мақта сорттарының селекциялық жетістігі үшін патенттер, ауылшаруашылығы дақылдарын өсіріп баптау технологияларының әзірлемелері үшін және пайдалы үлгі үшін патенттер алынды.

1/19
мказ.PNG
This site was designed with the
.com
website builder. Create your website today.
Start Now