Үмбетаев Ибадулла

Бас директор

Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі

1951 жылы 15 сәуірде ОҚО Мақтаарал ауданы Интернационал ауылында дүниеге келген.

 

Білімі:  1972 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітірді. 1978 жылы Бүкілодақтық мақта шаруашылығы ҒЗИ-да аспирантуралық оқуын бітірді. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет Академиясының курсын аяқтады.

Еңбек жолы:

Еңбек жолын Бүкілодақтық мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Мақтаарал мақта шаруашылығы тәжірибе станциясында бастады, ол жерде 1972 жылдың тамыз айынан 1979 жылдың сәуір айы аралығында – аға лаборант, ғылыми қызметкер, жалпы талдаулар лабораториясының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1979 жылдың сәуір айынан бастап Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы қызметіне ауыстырылды.

1982 жылдан бірқатар басшылық лауазымдарда – Жетісай аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Ленин атындағы кеңшардың директоры, 1987 жылдан Келес аудандық агроөнеркәсіптік бірлестігінің төрағасы, ҚР Мемлекеттік агроөнеркәсіп комитеті Шымкент облыстық агроөнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде болды. 1989 жылдан Бөген аудандық атқару комитетінің төрағасы, ҚР Мемлекеттік агроөнеркәсіп комитетінің Шымкент облыстық агроөнеркәсіп комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

1991- жылы – ҚР Шымкент облыстық Кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1997 жылдары Жетісай аудандық әкімшілік басшысы, Жетісай ауданының Әкімі қызметтерін атқарды.

1997 жылы Мақтаарал аудандық іріленген су шаруашылығы басқармасының бастығы, 1997-1999 жылдары ОҚО Мақтаарал ауданының Әкімі қызметін атқарды.

1999 жылдан ҚР Білім және ғылым министрлігіне, 2002 жылдың маусым айынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мақтаарал ауылшаруашылығы тәжірибе станциясының директоры. 2006 жылдың ақпан айынан – Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры. 2008 жылдың қаңтар айынан – ҚР АШМ «КазАгроИнновация» АҚ Қазақ Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының  Бас директоры.

2016 жылдың 5 қаңтарынан – ҚР Ауыл шаруашылық Министрлігі «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның бас директоры.

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде «Научные основы сортовой технологии возделывания хлопчатника на мелиорируемых почвах юга Казахстана» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Алматы қ. (06.01.01 – Жалпы егіншілік).

ҚР ауылшаруашылығы ғылым академиясының академигі (2009), ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі (2013).

Оның ғылыми қызметі Мақтаарал ауылшаруашылығы тәжірибе станциясымен және осы тәжірибе станциясы аясында құрылған Қазақ Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланысты.

И. Үмбетаев жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен ғылым саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді атқарып, бас директор қызметінде де тынбай еңбек етті. Ол өзін сауатты, жоғары білікті маман, өндіріс ұйымдастырушысы ретінде көрсете білді.  

Үмбетаев Ибадулла республикамыздың мақта шаруашылығы, көкөніс-бақша және көпжылдық дақылдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеу бағдарламаларының ғылыми жетекшісі.

Республикадағы мақта шаруашылығы реформасы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап өндірістің деформацияланған құрылымына ұшырады. 1992 жылы егістік алқаптарда жыл сайын түгелімен тек мақта қозасы егілді, бұл өз кезегінде өнімділікке, топырақ құнарлылығына, өнім сапасына әсер етті, мақта зиянкестерінен аурулар тарады.  

Оған бірқатар күрделі және жауапты мәселелерді шешу қажет болды, өйткені Қазақстанда мақта қозасының отандық өз сорттары болмады. Аудандастырылған кеңестік және өзбек мақта сорттары күтілген нәтиже бермеді, мақта сорттары бойынша біз көршілес елдерге тәуелді болдық. Элиталық және келесі репродукциялық тұқым көбейтетін тұқым шаруашылықтары жұмыс жасамады, сорт араласуы жүріп жатты, нәтижеде мақта өнімділігі және мақта талшығының сапасы төмендеп кетті. Сол кезде оның басшылығымен алғаш рет 2000 жылдан бастап мақтаның бірқатар бәсекеге қабілетті, тезпісер, аурулар мен құрғақшылыққа төзімді, жоғары өнімді жаңа «Мақтаарал» сорттары шығарылды және олар жедел қарқында өндіріске енгізіле бастады, нәтижеде біз көршілес республикалардан тәуелсіз болдық (Авторлық куәліктері мен патенттері бар). Бүгінгі таңда мақтаның бәсекеге қабілетті, отандық жаңа сорттары Оңтүстік Қазақстан облысы мақта егістік алқабының 89%-ында өсірілуде. Оңтүстік Қазақстан облысында мақта өнімділігі 1998 жылы 15,0 ц/га болса, жаңа отандық, бәсекеге қабілетті, жаңа мақта сорттары мен инновациялық технологияларды енгізгеннен кейін өнімділік 2015 жылы гектарына 25,6 центнерге артты. Бұл ғылым жетістігін өндіріске ендіру бойынша аса үлкен жетістік.   

Мақтаның бәсекеге қабілетті, отандық жаңа сорттары шет елдердің үлкен қызығушылығын оятты. Тұқымдық шитті алуға АҚШ Монтана штаты (2010), ҚХР (2013,2014), Бразилия (2008), Тәжікстан (2012) елдері сұраныс жіберген.

 Оның тарапынан республикада алғаш рет келесі әзірлемелер жасалды: Қазақстанның оңтүстігінде қоза баптаудың жаңа жүйесі; мақта тұқымшылығын жақсарту үлгісі; мақтаның бәсекеге қабілетті, отандық жаңа «Мақтаарал» сорттарының түпнұсқалық және элиталық тұқымдарын өндірудің жаңа тізбегі. Бұл үлгілер бүгінде республикамыздың тұқым шаруашылықтарына енгізілген.

Ол алғаш рет «Жаңа нарық экономикасы жағдайында Қазақстанның оңтүстігінде қоза баптаудың инновациялық жүйесін» Оңтүстік Қазақстан облысында өндіріске енгізді. Шаруа қожалықтары мен өзге де агроқұрылымдар үшін жер теліміне қарай ауыспалы егістің тиімді тізбектерін жетілдірді және шаруашылықтарды ірілендірудің экономикалық тиімділігін әзірледі.

 І-дәрежелі А.И.Бараев атындағы сыйлық иегері, аграрлық ғылым саласындағы үздік ғылыми зерттеулері мен жұмыстары үшін алтын медаль иегері (Астана, 2008 ж.).

  •  Шапағат-2009» VI Республикалық байқауының жеңімпазы және Республикалық өнертапқыштар байқауының «Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан үлесі үшін» номинациясында жеңімпаз Дипломының иегері.

Ол ҚР ғылым және білім Министрлігіне қарасты «М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті» ғалымдарымен бірге алғаш рет «Қолдану күші ұзартылған минералды тыңайтқыштар алу тәсілі»  жасап шықты. Жаңа өнертабыс Қазақстан Республикасының инновациялық патентімен бекітілді №20523,  25 қыркүйек 2008 жыл.  

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылдың 19 наурызындағы №958 Жарғысында бекітілген 2010-2014 жж. мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасындағы мемлекет саясатын іске асыра отырып, ҚР индустрия және жаңа технология министрлігі мен «Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттігі» АҚ ұйымдастырған Республикалық өнертапқыштардың «Рационализатор.kz» республикалық инновациялық әзірлемелер байқауында «Суармалы жерлерді күзгі өңдеу тәсілі» бойынша жеңімпаз болып, 1-орын үшін берілетін арнайы диплом иегері атанды (2012 ж).

Еуропалық бизнес ассамблеясы Сократов комитетінің шешімі бойынша ғылыми зерттеулер саласында халықаралық құрметті атақ «The Name in Science» атағы берілді, аты-жөні Еуропалық бизнес ассамблеясы тұжырымы бойынша атақты ғалымдардың ресми тізіміне енгізілді (Е.Б.А., Оксфорд, Ұлыбритания, №2941, 03.10.2012 ж.).

Институтта оның басшылығында тәжірибелік ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған заманауи зертханалар құрылуда, Қазақстанның және шет елдің жетекші ғылым және білім орталықтарымен тығыз байланыс орнатылды.

Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 2010 жылдан  бастап халықаралық талаптарға сәйкес ИСО-9001-2000 менеджмент сапа жүйесі бойынша жұмыс жасауда.

442 ғылыми еңбектері, 5 монографиясы, 95 кітабы, әдістемелік нұсқаулықтары мен ұсыныстары жарық көрді. Мақта шаруашылығы мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат беттерінде 344 мақаласы жарияланды, оның 72-сі республикалық газеттерде жарық көрді. 50-ден астам ғылыми-зерттеу әзірлемелері бар.  

Алғаш рет мақтаның отандық «Мақтаарал» сорттарының элиталық және түпнұсқалық тұқымдарын өндірудің жаңа тізбегі ұсынылды, сондай-ақ «Мақтаның аудандастырылған жаңа сорттарының элиталық және репродукциялық тұқымдарының өндірісі бойынша нұсқаулық» әзірленді. Бұл жетістіктер бүгінгі таңда республикамыздың элиталық тұқым шаруашылықтарында сәтті қолданылуда. 

45 авторлық куәлік және 46 патент иесі.

И. Үмбетаев халықаралық және республиклық ауқымдағы индустриалды-инновациялық мекемелердің белсенді мүшесі және мақта шаруашылығы саласындағы бөлімдерге жетекшілік етеді.  

ҚР Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылғы 3 сәуірдегі және 2015 жылғы 26 сәуіріндегі кезексіз сайлауындағы ОҚО Мақтаарал ауданындағы қоғамдық штаб басшысы, сенімді өкілі.

Үмбетаев И. аудан, облыс және «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» КЕАҚ, ҚР ауылшаруашылығы Министрлігі сияқты жоғарыдағы ұйымдар басшыларының, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен шаруаларының алдында лайықты беделге ие.

 

Марапаттары:

✓ «Ерен еңбегі үшін» медалі  (1982 ж.)

✓ Бүкілодақтық халық шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін 2 алтын және 1 бронза медальдары (1982, 1983, 1985 жж)

«Астана» медалі (№1224, 17 тамыз 1998 ж.).

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтой медалі (№01964, 03 желтоқсан 2001 ж.)

«Қазақстанның еңбек сінірген қайраткері» (№4176 куәлігі, 2006 ж. 08 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың №217 Жарлығы. Астана қ. Ақорда)

✓ Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хаты (2011 ж.; 2015 ж.)

✓ «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтой медалі (№29861, 10 қараша 2011 ж.)

✓ «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі (№1-267, 29 қазан 2012 ж)

✓ «Еңбектегі жұмыс тиімділігі үшін» медалі (№ 00287, 29 тамыз 2013 ж, Ұлттық бизнес-рейтинг, Астана)

✓ «Құрмет» ордені (2016 ж)

мказ.PNG
This site was designed with the
.com
website builder. Create your website today.
Start Now